Француздың «АРЕВА» компаниясы мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ стратегиялық келісімге қол қойды

2017 жылғы 10 сәуір күні Астанада Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаев және «АРЕВА» Директорлар кеңесінің төрағасы Филипп Варан мырзаның қатысуымен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен «АРЕВА» арасындағы қос компанияның Қазақстанда уран өндіру саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды келісімге ресми қол қою рәсімі болып өтті. Құжатты «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев пен «АРЕВА» Бас атқарушы директоры Филипп Кноро қол қойып бекітті.

Қазақстанның мүдделеріне сай келетін аталмыш келісім «КАТКО» БК» ЖШС (АРЕВА (51%) мен Қазатомөнеркәсіптің (49%) бірлескен кәсіпорны) қызметінің тиімділігін және одан әрі дамыту үшін Францияға да жаңа мүмкіндіктер ашады, бұл өз кезегінде компаниялардың акционерлеріне қосымша табыстар әкелмек.

«Қазақстан мен Франция арасындағы ұзақ мерзімді атом ынтымақтастығы аясында бұл келісім екі серіктестің де экономикалық мүдделері жолындағы біздің Қазатомөнеркәсіппен жиырма жылдық серіктестігімізді нығайта түседі. Келісім Оңтүстік Төртқұдық кен орнын дамыту негізінде КАТКО үшін ұзақ мерзімге арналған жаңа мүмкіндіктер ашып, сол арқылы өндірістік қызметін екі онжылдыққа ұзартады», - деп мәлімдеді Филипп Кноро.

«Сенімді серіктеспен стратегиялық келісімді «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 20 жылдығы тойланатын жылда қол қоюдың өзіндік мәні бар. Ядролық отын циклындағы бірлескен жобаларды сәтті іске асыру өзара тиімді ынтымақтастықтың оң мысалы бола алады. Бұдан бөлек, келісім ережелері Мемлекет басшысы Н. Назарбаев алға қойған уран өндіру нарығындағы көшбасшылықты сақтау және әлемдік бәсекеге қабілетті атом компаниясын құру жөніндегі тапсырмаға да сай келеді», - деді Асқар Жұмағалиев.

1996 жылы құрылған «КАТКО» бірлескен кәсіпорны Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан «Мойынқұм» кен орнында жер асты ұңғымалы шаймалау әдісімен уран өндіруді табысты жалғастырып келеді. «КАТКО» өзінің өндірістік қызметінде уран өндіру бойынша әлемдік қос жетекші компания АРЕВА мен Қазатомөнеркәсіптің халықаралық тәжірибесі мен біліміне сүйенеді.