«Инкай» бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстан Республикасында 1996 жылғы 21 наурызда тіркелді. Серіктестіктің қатысушылары «Cameco» корпорациясы (Канада) және «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы (Қазақстан) болып табылады.
1999 жылғы 20 сәуірде Қазақстан Республикасының Үкіметі Серіктестікке жер қойнауын пайдалану құқығына лицензия берді, ал 2000 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі агенттігі мен Серіктестік Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Инкай» кен орнының аумағындағы №1 учаскеде уран алуға және № 2 және 3 учаскелерде кейіннен өндірумен барлауға № 507 жер қойнауын пайдалануға келісімшартқа қол қойды.
2016 жылғы 27 мамырда Қазақстандағы Шетелдік инвесторлар кеңесі шеңберінде, Астанада, «Cameco» Корпорациясы және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Инкай» БК» ЖШС арасында бірлескен жобалардың алдағы 30 жылға одан әрі дамуын айқындайтын, атап айтқанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін 2045 жылға дейін ұзартуды, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның «Инкай» БК» ЖШС-на қатысу үлесін 40% - дан 60% - ға дейін ұлғайтуды көздейтін Іске асыру туралы келісімге қол қойылды.
2017 жылғы 11 желтоқсанда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Cameco» корпорациясы «Инкай» БК» ЖШС-ын қайта құрылымдау бойынша мәміленің аяқталғанын хабарлады. Лондондағы салтанатты рәсімде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов пен Cameco корпорациясының президенті – Бас атқарушы директоры Тим Гитцел «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Cameco» корпорациясы және «Инкай» БК» ЖШС арасындағы 2016 жылғы 27 мамырдағы Іске асыру туралы келісімде белгіленген қайта құрылымдау туралы құжаттарға қол қойды.