Қазатомөнеркәсіп басшысы жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысында болды

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқрама төрағасы Ғалымжан Пірматов компанияның негізгі уран өндіруші кәсіпорындары орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.

Ұлттық атом компаниясының басшысы сапар барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тараптар компанияның әлеуметтік сипаттағы нысандарын Оңтүстік Қазақстан облысының коммуналдық меншігіне беруге уәделесті. Сондай-ақ, Қазатомөнеркәсіп жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында уран өндіруші кәсіпорындардың тауар, жұмыс және қызметтер сатып алуы кезінде қолайлы бәсекелестік орта жасауға дайын екенін жеткізді.

Ғалымжан Пірматов ұлттық атом компаниясы аймақты дамыту, тұрғындардың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыру бойынша өз міндеттемелерін толық орындап отырғанын атап көрсетті. Қазатомөнеркәсіп шағын және орта бизнестің 80-нен астам өкілін тапсырыспен қамтамасыз ету арқылы отандық тауар өндірушілерге белсенді қолдау көрсетіп келеді. 2017-2018 жылдары компания облыс кәсіпкерлерімен 101,6 млрд теңгеге түрлі келісімшарттар жасады. Тұтас алғанда, 2017 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның өңір бойынша жалпы сатып алуларындағы жергілікті үлестің мөлшері 86% құрады.

Компанияның 2017 жылдағы салық төлемдерінің жалпы сомасы 73 млрд теңгеден асқан болса, соның 8,2 млрд теңгесі Оңтүстік Қазақстан облысының бюджетіне аударылды. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімнің шарттарына сәйкес, былтыр аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму үшін облыс бюджетііне 873 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.