«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ (әрі қарай – Қазатомөнеркәсіп) мен «Cameco» корпорациясы (әрі қарай – Cameco) бүгін «Инкай» БК» ЖШС-н (әрі қарай – Инкай) қайтақұрылымдау бойынша мәміленің аяқталғанын хабарлады. Лондон қаласындағы салтанатты рәсімде Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов пен Cameco Президенті – Бас атқарушы директоры Тим Гитцел Қазатомөнеркәсіп, Cameco және Инкай арасындағы 2016 жылғы мамырдағы Іске асыру жөніндегі келісімде көрсетілген қайта құрылымдау туралы құжатқа қол қойды.
Іске асыру жөніндегі келісім шарттары бойынша Қазатомөнеркәсіп 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Инкай» бірлескен кәсіпорнындағы өзінің қатысу үлесін 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтып, операциялық бақылауға ие болады. Сондай-ақ Іске асыру жөніндегі келісім аясында Инкай жер қойнауын пайдалану келісімшартының мерзімін 2045 жылға дейін ұзартуға қол жеткізді.
«Cameco – іскерлік қарым-қатынасымыз қалыптасқан және көп жылдар бойы жемісті жұмыс істеп келе жатқан стратегиялық серіктесіміз. Компаниялар арасындағы бұл келісім атом саласындағы қазақстан-канада ынтымақтастығына жаңаша серпін беретініне сенемін. Инкайдағы қатысу үлесіміздің артуы осынау маңызды активті одан әрі бірлесе дамытуға мүмкіндіктер береді», - деп мәлімдеді салтанатты рәсімнен соң Қазатомөнеркәсіп басшысы Ғалымжан Пірматов.
«Аталмыш келісімді іске асыру Cameco-ның 2045 жылға дейін бірінші санатты өндіру активтеріне қолжетімділігін қамтамасыз етіп, Қазатомөнеркәсіппен ынтымақтастығымызды нығайта түседі», - деді Cameco Президенті Тим Гитцел.