«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Рессей Федерациясының Сочи қаласындағы Бас Медиа орталықта өтіп жатқан «АТОМЭКСПО-2018» X Халықаралық Форумына қатысуда.
Қазақстандық сапартопты Қазатомөнеркәсіптің Басқарма Төрағасы Ғалымжан Пірматов бастап барды. Форум шеңберінде ұлтық атом компаниясының басшысы халықаралық әріптестермен бірқатар кездесулер өткізді. Тараптар ағымдағы мәселелерді ортаға салып, ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Биылғы мерейтойлық Форумның басты тақырыбы «Жаһандық әріптестік – ортақ жетістік» деп аталады. Яғни, ол ядролық энергетиканы пайдаланушы елдердің атом саласын дамыту және көптарапты ынтымақтастықты нығайту жолындағы бірлесіп жеткен жетістіктерін талқылауға негізделген.
60-тан астам елдің өкілдері қатысатын үш күндік форум шеңберінде атом энергетикасының өзекті мәселелеріне қатысты конгресс, тақырыптық дөңгелек үстелдер, сондай-ақ атом саласы жетістіктерінің көрмесі өтеді.
Медиа орталық алаңында Қазатомөнеркәсіп компания қызметінің негізгі тұстарын танытатын экспозициялық стенд орнатты. Стендте «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның мамандары әзірлеген «Мобильдік кешен» макеті көпшілік назарына ұсынылды. Кешен шалғай аудандар мен шағын кен орындарында уран игеруге өте қолайлы. Сондай-ақ көрмеге келушілер «Жылу бөлгіш құрамалар» (ЖБК) макетімен таныса алады. ЖБҚ шығару зауыты қазір Қазақстанда салынып жатыр, оның алғашқы өнімі 2020 жылға жоспарланған.
Сонымен қатар, көрмеге келушілер үшін Қазатомөнеркәсіптің уран кеніштеріндегі өндірістік процестерді VR қондырғысы (виртуалды шындық) арқылы «өз көзімен» көру мүмкіндігі жасалған.